Шымкент қаласына сапармен барған Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы аймақтағы құрылыс барысымен таныс­ты.

Қалалық жол-көлік инфра­құ­рылымын жаңғырту жобасы аясында Момынов көшесінде салынып жатқан төрт жолақ­ты өткелде жаяу жүргінші­лерге арналған жол және бағдар­шамдар орнатылады. Құрылыс өткен жылы қарашада басталды, қазіргі таңда нысанның 50 па­йызы дайын. Мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

– Жол өткел «Amanat» пар­тия­сының сайлауалды бағдар­ламасы аясында салынып жатыр. Бұл – сайлаушыларға берген нақты уәде­леріміздің бірі. Мен осы жо­баның бағдарламаға енуі­не бастамашы болып, қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Қа­зір нысанның құрылысы сәтті іске асуда, оны жеке бақы­лауымда ұстаймын, – деді Б.Наж­мет­динұлы.

Сонымен қатар Тіленшин көшесінде осыған ұқсас жол өткелі салынып жатыр, оның дайындығы – 20 пайыз. Екі нысан да 2026 жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Ал Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракция­сы­­ның мүшесі Самат Мұсабаев Жаңаөзен қаласына барды. Мұн­да депутат газ өңдеу зауы­­­ты­ның құрылыс барысын ба­қылады. Аталған жо­ға­­ры технологиялық нысан пар­­­­тияның сайлауалды бағ­дар­­­ламасы аясында бой көте­ріп жатыр. Жоба құны 216,8 млрд теңгені құрайды. Жаңа нысан­ның қуаты жылына 900 миллион текше метр табиғи және ілеспе газ өндіруге қауқарлы. Бұл – еліміз үшін аса маңызды стратегиялық нысан. Сондықтан жобаны 2027 жылға дейін іске қосу көзделіп отыр.

– Жаңаөзен қаласында жұ­мыс істеп тұрған ескі «Қазақ газ өңдеу зауыты» сонау 1973 жылы ашылған еді. Өндіріс қуатын арттыру мақсатымен салынып жатқан жаңа зауыт сұйытылған газ тапшылығын жояды. Нысан құрылысы талапқа сай салынып, белгілен­ген мерзімде аяқталуға тиіс, – деді депутат С.Мұсабаев.

«Respublica» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова жұмыс сапарымен Шығыс Қа­зақ­стан облысында жүр. Сапар барысында ол ішкі туризм­нің жай-күйін зерттеп, жергілікті кәсіпкерлермен, тұрғындармен кездесті.

Екатерина Смолякова Қа­тон­қарағай мен Үлкен Нарын аудандарына және Бұқтырма су қоймасының жағалауына барды. Сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлер палатасының туризм кеңесімен саланың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, бас жоспардың болмауы, жарықтың жиі өшуі, интернет пен байланыс сапасының төмендігі, инфрақұрылымның әлсіздігі және табиғатқа ұқып­ты қарау мәдениетінің жет­кіліксіздігі. Бұл факторлар таби­ғи және экономикалық әлеуе­ті зор өңірде туризмнің да­муын тежеп отырғаны анық.

– Кәсіпкерлер инвестиция салуға дайын, туристер келгісі келеді. Бірақ қай жерде құрылыс жүргізуге болатыны, қандай нысандар жоспарланғаны белгі­сіз. Жарық жоқ, интернет нашар. Бұл – өңір­ді ілгерілетудің маңыз­ды құ­ралы. Мемлекет тарапынан бағдарламалар мен қолдау шаралары болғанымен, ШҚО-ның туризм әлеуеті әлі толық жүзеге асырылмаған, – деді депутат.

Мәжіліс депутаты, ЖСДП фрак­циясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «Билік. Халық. Ынтымақ» атты аймақтық конференцияға қатысты. Іс-шарада қатысушы­лар көппәтерлі тұрғын үйді бас­қару және мүлік иелері бірлес­­тіктерінің (МИБ) қызме­тін ұйым­дастыру мәселелеріне айры­қ­ша назар аударды. «Ме­нің үйім» Қостанай облыстық қауым­дас­тығының төраға мінде­тін атқа­ру­шы Сайлау Асылбаев осы сала­дағы проблемалардың әлі де өзекті әрі өткір күйінде тұрғанын айтты.

– Қостанай облысындағы көпқабатты үйлердің жартысынан астамы әлі күнге дейін басқару нысанын айқын­дама­ған. Соның салдарынан аулалар абаттандырылмай, жөн­деу жұмыстары созылып келеді, ал тұрғындар өз қаржысының қайда жұмсалып жатқанын білмейді. Мүлік иелері бір­лес­тіктері мен қарапайым тұрғын­дарға сауатты кеңес, жүйелі бақылау және тұрақты қолдау қажет. Біз депутаттармен, жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, бұл салада тәртіп орнатуға да­йынбыз. Егер тұрғындар нақты нәтижені көрсе, МИБ-ке де, кондоминиумдарға да деген сенім арта түсер еді, – деді ол.

Бұдан бөлек Нұрлан Әуес­баев «Әуежай» шағын ауданы­ның бастапқы партия ұйымы белсенділерімен жүздесті. Кез­десу барысында ұйымның стра­тегиялық міндеттері, алдағы жос­парлары және тұрғындарды қоғамдық бастамаларға кеңінен тарту тетіктері сөз болды.