Шәкәрімнің мен білетін, басылған шығармалары :
«Мұсылмандық». Жас кезінде жазылып, 1911 жылы Орынборда бастырған. «Түрік, Қырғыз, Қазақ һәм хандар шежіресі», 19 жасынан жинастыра жүріп, 1911 жылы Орынборда бастырған.«Қазақ айнасы». 1-бөлім (өлеңдер) 1878 бен 1904 жылдарда жазылған. 1912 жылы Семейде бастырған. «Қалқаман — Мамыр» (поэма). 1888 жылы жазылып, 1912 жылы Семейде бастырған. «Еңлік — Кебек» (поэма) 1891 жылы жазылып, 1912 жылы Семейде бастырған. «Дубровский» (поэма, Пушкиннен). 1908 жылы жазылып, 1924 жылы Семейде басылған. «Ләйлі — Мәжнүн» (поэма Фзулидан). 1907 жылы жазылған Мұхтар Әуезов араб әрпімен Ташкентте журналға бастырған. Екінші рет Сәкен Сейфуллин латын әрпімен кітапша етіп, 1934 жылы Алматыда бастырған.
Ерте кездегі газеттерде, журналдарда басылған өлеңдері, қара сөздері бар. «Боран» (поэма, Пушкиннен) ертеректе жазылған. 1936 жылы Алматыда журналға басылған. «Шын бақ айнасы». Әңгіме. 1918 жылы «Абай» журналының 4 нөмірінде басылған. «Ұлтшылдың туралы». Әңгіме, 1918 жылы «Абай» журналының 3-нөмірінде басылған.
«9 бет бәйіт» (араб, фарсы, түрік тілдерінде аралас жазылған). «Дума» деген поэмасы ертерек, 1904 жылдар шамасында жазылып, Қазанға жіберіліп, цензурадан өтпеді деп хабарланған.
«Шыны бақ» (ұзақ әңгіме). «Нартайлақ — Айсұлу» (поэма).«Әділ — Мария» (роман). «Галилей» (ұзақ әңгіме). «Қазақ айнасы» (2-бөлім, әңгіме). Өзінің, әндерімен жазылған пьесасы.
Қызылордаға жіберілген 8-шығармасы. Мұнда Ақан сері жайлы және, «Шыны бақ» атты пьесасы, тағы басқа әңгіме, өлеңдері бар.
«Том ағайдың балаганы» (Гарриет Бичер Стоу-дан. Гарриет 1812 жылы туып, 1866 жылы өлген дейді). «Бәйшешек бақшасы» (Бұл шығармасында өлеңдері, қара сөздері және басқа да әңгімелері бар). «Асархидон — Лаэли» (Толстойдан). «Үш сауал» (Толстойдан). «Криз патша» (Толстойдан). «Ұждан» (Күн шығыстың жүз әңгімесінен). «Қол шатыр бұйрығы» (Күн шығыс жүз әңгімесінен). «Пан-жи-зан-хан» (Күн шығыс жүз әңгімесінен).
Хафиздан аударған 288 жол өлеңдер. Бұл он түрлі өлеңнің біреуі «Абай» журналына басылған. Ал біразы Тәжік Академиясының шығаратын журналына бертінде басылған.
Мысал өлеңдері. Нақыл сөздері. Жұмбақтары. «Жайлаудың баласымен айтысы» (22 жасында жазылған). «Шал мен кемпірдің ғашықтығы» (поэма). «Өмірбаяны» (өлең). «Үш анық» (философиялық әңгіме). «Жан мен тіршілік туралы» (философиялық әңгіме). Мен білетін 30-ға тарта әндері бар. Көп ұсақ өлеңдері. Мен шала білетін «Бозторғай» атты күйі.
Ескі сөздер.
Шәкәрімнің басталып, бітпей қалған жазбалары: «Абай өмірі», «Қазақ лұғаты», «Құран аудармасы», «Адам баласының шын бақытты өмір сүруі» жайлы әңгіме.
Мен білмейтін әңгіме, өлең, ән, күйлері, ерте кезде газет — журналдарға жазылған өлең, қара сөздері бар екені сөзсіз.
Әкем: «30 жас шамасында бір айдай тілім байланып, сөйлей алмайтын болып қалдым. Осы кезде 7 жастан бастап жазған өлеңдерімді өртеп жібердім. Артынан Абай ұрысты. Өзім де өкіндім» — дейтін.
Әкей өзі екі әңгімесін нашар дейтін. Бірі — «Мұсылмандық» дейтін шығармасы: «Мұны надан, білімнен хабарым жоқ кезімде, басқа жұртта «Ғибадат исламия» деген кітап бар, олар араб тілінде не түрік тілінде жазылады, қазақ тілінде неге жоқ деп, соларға еліктеп жаздым, оны мансұқ еттім», — дейтін.
Екінші — «Түрік хандар шежіресі» деп, өлеңмен Түрік қауымында болған хандарды жаздым. Бұл — жасымда шежіре жазбақ болып, бірнеше елдердің шежірелерін оқығанымда, «Отечественная история» деп патша, хандарды жазғандарды көріп, еліктегенім, осы да біліми көзқараспен айтылмаған», — дейтін.
Ахат Шәкәрімүлының естелігінен