Өткен жылдың бел ортасында «Аса жұрты аңсаған аспалы көпір салынды» деп жергілікті билік те, тілшілер қауымы да алаулатып, жалаулатып еді. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы барып көрген аспалы көпірдің жыл өткен соң халі мүшкіл болады деп кім ойлаған? Қомақты қаражат жұмсалған нысанның қазіргі жағдайы жан ауыртып тұр.


Дақпырты тез тараған теміржол өткеліндегі өткір мәселе әлеу­меттік желіде де кеңінен тал­қыланды. 300 миллионға жуық қара­жатқа салынған көпірдің жай-күйі кімді де болса алаңдатса керек. Жергілікті жұрт отыз жыл бойы күткен аспалы көпірдің жыл өткен соң тоз-тозы шыға бастауы шынында да таңғалдырмай қоймайды. Бұл мәселе өз кезегінде тұрғындардың ашуын тудырып отыр.

Аудан орталығы Аса ауылында 13 мың­нан астам халық тұрады. Тұрғындар осы нысанның аяқталуын асыға күтті. Алайда жарнамасы жер жарған көпірдің лифтісіне қатысты тұрғындар дауы толас­таған емес. Екі мыңға жуық жұрт шойы­н жолдың арғы бетінде тұратынын, олардың дені бергі беттегі әлеуметтік нысандарға жиі ағылатынын назарға алсақ, жағдайдың мәз еместігін аңғару қиынға соқпайды. Көпірден өтетін халық алдымен 6 метр биікке көтеріледі, сонан соң 40 метр жаяу жүруге тиіс. Лифт істен шықса, баспалдақпен жүру кімге де болсын қиын соғады.

Жұрт келтірген дерекке жүгінсек, өткен жылдың бел ортасында пайдалануға берілген көпірдің жарты тоннаға дейін көтеруге тиіс жеделсатысы көп уақыт өтпей істен шығыпты. Абырой болғанда лифт ішіндегі топ бала аман қалған. Таяуда бір азамат жарақат алды деген ақпаратты құлағымыз шалды. Әлеуметтік желіде белгілі кәсіпкер Жұмасейіт Нұрбаев та өзекті мәселеге жұрт назарын аударды. Мәселенің анық-қанығын білу мақса­тында жергілікті әкімдіктен ресми жауап сұрағанбыз.

«Аса ауылындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір 2024 жылдың маусымында пайдалануға берілген. Құрылыс жұ­мыстарын «Д & К» ЖШС жүргізіп, нысанға 5 жылдық кепілдік берген. Нысан Аса ауылдық округі әкімдігінің теңге­рімінде. Көпірде бірқатар ақау анықталған. Бұл жөнінде мердігерге төрт рет хабарлама жолданды. 2025 жылдың 20 қазанында мердігерді сапасыз жұмысты қайта орындауға міндеттеу, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тану туралы талап арыз сотқа жолданған болатын. Сот шешіміне сәйкес, мердігер көрсетілген кемшіліктерді ретке келтіруге міндеттелді. Аспалы көпір құрылысын жүргізген мердігер мекеме (Д & К ЖШС) көпірдегі жеделсатыда анықталған ақауларды жою, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті жөндеу жұмыстарын қосалқы мердігерге тапсырған. Қосалқы мердігер ұйым өз маманын аталған жеделсатыны жөндеуге жіберген. Жөндеу жұмыстары барысында маман еңбек жарақатын алған. Денсаулығына байланысты шағымды азамат мердігерге немесе қосалқы мердігерге білдіруге тиіс», деп жазылған жергілікті әкімдіктің ресми жауабында.

Адам жарақат алған соң жастың да, жасамыстың да тәуекелге бармайтыны анық. Олар амалдың жоқтығынан биік баспалдақпен көтерілуге мәж­бүр болған. Осылайша, жарнамасы жер жарған көпіріміз жыл өткен соң-ақ жергілікті халықты қара терге малшы­нуға мәжбүрлегені кімді де болсын қынжылтпай қоймайды.

Жыл бұрын жарнамасы жер жарған аспалы көпірдің әңгімесі жергілікті халық тарапынан аз уақыт ішінде сынға ұшырайды деп кім ойлаған? Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы дәл осы теміржол өткелін мақтанышпен айтып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке де көрсеткен болатын. Аспалы көпір ашылғанда өңір басшысы балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін тілге тиек еткені де есімізде. Сол кезде жергілікті жұртпен бірге біз де қуанып, «Аса жұрты аңсаған көпір» деп сүйіншілетіп едік. Өкінішке қарай, қуанышымыз көпке созылмады.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінен нысандағы мәселе нақты қанша уақытта шешімін табатынын сұрап едік. Сауа­лымыз жауапсыз қалды. Нысанды уақы­тында қалай қабылдап алғандарын да түсіндірген жоқ. Қалай десек те қыруар қаржы жұмсалған көпірдің халі мүшкіл тартқаны кімді де болсын толғандырмай қоймайды. Жергілікті жұрт қызығын көреді деген теміржол өткеліндегі мәселе тезірек шешімін тапса дейміз.

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы