«ӘДІЛЕТҚИССА»: Мөлтек суреттемелер

Белгілі қоғам қайраткері, «Азат» қозғалысының белді басшыларының бірі, саясатшы Сағат Жүсіптің 2010 жылы жарық көрген «Әділетқисса» кітабынан үзінділер жарияламақпыз...

Сурет: С.Ерғалидың мұрағатынан алынды.

Сағат Жүсіп:

Қазақтың танымал саяси тұлғалары жөнінде қысқаша, үстірт көзбен жазылған осы пайымдауларымды тек қана жақсы ниетпен, ықыласты сезіммен жазғанымды айтқым келеді.


Сурет: alash.kz.

Кіріспе

Көзінен айрылса да, әлі көзі тірі белгілі саяси қайраткер, баскер/лидер, халық азаттығына қауқарлы әрі саналы ғұмырын беруден өкінбеген, тайынбаған, ынты-шынтысымен бар күш-жігерін сарп етіп, қызмет еткен, бірақ көзге көрінбеген, көрінуге ұмтылмаған, алашына адал жандардың бірі – Сағат Жүсіп. Бұл – сирек жандарға бұйырған нәсіп әрі аяулы ғұмыр.

Сәкеңнің ендігі бір ерлігі – ол саясатпен айналыса жүріп, айналасына, қандыкөйлек жолдастарына деген, өзіне қоятын талапты да қоя білгендігі және соны сол кезде, сол бетте айта, жаза білетіні. Адамның ішкі әлпетіне мониторинг жасай жүргендігі, жасқанбайтыны – қазақта сирек құбылыс. Асылы, бұл «Платон маған дос, бірақ ақиқат одан да қымбат» дейтін тәмсілді берік ұстаған қайраткердің тірлік тұтқасы. Сәкең шынайы адал, қатал талап қойғандар ғана нағыз қайраткер екенін жақсы ұққан азамат. Пікірімізді өткен шаққа бұрып кеттік, өйткені, ағамыз бүгінде 80-нен асқан ақсақал. Ол тапқанын да, жоғалтқанын да талғажау етуден кеткен жаста. Сондықтан оның «Әділетқисса» деген жұқа кітапшасы, талай том-томдардан да ауыр, ар-ұяты, намысы, шындығы сорғалаған салмақты тұжырымдар. Ұлтқа, тұлғаларға, қайраткерлерге не жетей жүргенін пайымдаған дүние.

Сағат ағамыз өтірік пен шындықты көре тұра үнсіз қала алмайтын, алдаспандай өткір адам. Қазақта бұндай кісілер сирек. Сол себепті кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген оймен жариялап отырмыз. Бұл бүгінгі саясаткерге керек сөз. Бұл пікір-пайым бүгінде көзі жоқ кісілердің тірі кезінде жарыққа шықты. Енді бұның әсері тек жас ұрпақ үшін ғана. Бұл қазақ саясатының пәсі неге төмен деген сауалға ішінара болса да шынайы әрі жанашыр жауап.

Серік Ерғали


Сурет: wikipedia.org.

Жасарал ҚУАНЫШӘЛІ туралы

Біздің қазақ саясаткерлеріне мынадай кеңес айтқым келеді. Ол саяси жұмысты миығынан күліп жүріп атқару, саясаттың кейбір қалтарыстарына, өкінішті жағдайларына философиялық көзбен қарау. Кездескен өкініштер мен опық жеген оқиғаларды тез ұмытып, оларға ескіқабақи трагедия немесе жеңілді көріп қарамаған жөн екен. Өйткені, бұл өте қиын. Темірдей мықты жүйке қажет.

Саяси қарсыласыңа, пікіріңмен келіспейтін адамға «әп бәлей, сені ме» деп кектену, өзіңді сол үшін іштей жеу барып тұрған зиян екенін талай бастан кештім. Ондай әдетке бой алдырдың — бітті, саясатта ұзақ өмір сүре алмайсың. Дұшпаның көбейіп, досың азайып, ең бастысы денсаулығыңды жегідей жегізіп, тез сарқылады екенсің.

Меніңше, Жасарал бойындағы ұлтына деген орасан зор сүйіспеншілігін, білімін мен қайрат, жігерін ысырапқа салып жұмсайтын сияқты боп көрінеді.

Жасаралдың Желтоқсан көтерілісін Конституциялық сотқа жеткізуі, Н.Назарбаевты сотқа беруі, «Диапазон» газетімен соттасуы әрқайсысы бір тарихи оқиға емес пе? Неге осы оқиғалар кезінде Жасаралдың қасынан ұлт патриоттары, оның қолдаушылары аз табылды? Неге оны қасына адамдар үйірсек емес? Неге қазақтар өздерінің Жасарал сияқты ұлдарын сондай кезде жалғыз қалдырды? Бұл сұрақтардың төңгірегінде Жасаралдың өзі де ойланып, өз тарапынан да себеп іздесе қайтеді?

Ешқандай ымырашылдықты мойындамау, қажет емес жерден дұшпан тауып алу, өзінен деңгейі төмен қарсыластармен күресу. Маңызы жоқ нәрсе үшін принципшілдіке бару немесе одан айну, оның көп күшінің шашырауына, ысырап болуына, денсаулығын қажытуға әсер етті ме деп ойлаймын? Соның нәтижесінде, қасында жүріп, адал қызмет еткен достарының кетіп қалуы, әріптестерінің оған көңілі қалып теріс айналуы сияқты жағдайлар Жасаралдың өмірінде аз болғаң жоқ.

Жасарал – сөз жоқ, серке боларлық тұлға. Әттең, айналасында адамдарды үйірсек ету қабілеті болса ғой…

Сурет: internettv.kz.

Хасен ҚОЖАХМЕТ туралы

Қазақ саясаткерлерінің бір ауруы – өтірік мақтауға, өтірік мадаққа қарсы тұра алмайтындығы, сенгіштігі, ергіштігі.

Қазақтың тұңғыш диссиденті Хасен Қожахметтің өткен ғасырдың сексенінші жылдары Кеңес үкіметінің отаршылдық, орыстың шовинистік саясатына қарсы әрекет-қимылдары, атап айтқанда, отаршыл саясатқа қарсы үнпарақтар таратуы, әр түрлі хаттар мен шығармалар жазып, наразылық білдіруі, сол үшін түрме азабын көруі сөз жоқ, қазақтың тәуелсіздік жолындағы тарих беттерінде өзіне лайықты орнын алуға тиіс қайраттылық.

Бірақ, Хасен сол кезде сол тірліктерін жасаған кезде, кейін уақыты келгенде елінен, халқынан марапат, атақ аламын, сол еңбегімді халқымның алдында тартып, «Менің еңбегімді бағалаңдар!» деп талап қоямын деп, жоспарлап атқарған жоқ қой.. Ондай пиғылы да болмағаны анық.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап Хасенге біреулердің айтқан:
«Сол кездегі еңбегің үшін Халық қаһарманы деген атаққа лайықсың» деп өтірік қолпаштаған сөздеріне ол қарсы тұра алмады. Сол өтірік сөздердің соңында әлі күнге дейін алданып келеді. Нәтижесінде, Хасен сол баяғы диссиденттік деңгейден көтеріле алмады, пендешіліктен аса алмайтын көп қазақтың бірі болып қалды.

Әрине, Хасен сияқты ұлдарына лайықты баға бермеу, олардың ұлтына деген сүйіспеншілігін дұрыс пайдаланбау со елге, сол қоғамға, сол елдің басшыларына сын. Осыдан барып мұндай елдің қолы жеткен тәуелсіздігінің қадыры, әділеттің қаншалықты бар-жоқтығы, оның бет-пішіні анықталады. Бірақ, бұл – басқа әңгіне.