Әлемнің әр қиырында тіршілік кешіп жатқан, тіпті өмір сүру салты бір-бірімен мүлде қабыспайтын адамдардың өзін жақындастыратын қуатты күш – ізгілік тілі. Ұлт пен дін, тіл мен ділге тәуелсіз, бүкіл адамзаттың ортақ құндылықтарын дәріптейтін осы иірім бүгінде әдеби шығармалар арқылы өріс ала бастады.
Бұл ойымызды италиялық Франциск Ассизидің XIII ғасырда жазған әйгілі «Жаратылыстарға мадақ» (Il Cantico delle Creature) жырының қазақ оқырманымен қауышуы қуаттай түседі. Жуырда аталған еңбектің таныстырылымына қатыстық. Жауһар туынды – адам мен табиғаттың жарасымын жырлай отырып, жаратылысқа құрметпен қарауға шақырады, бейбітшілік пен мейірімге үндейді. Италияның Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы Италия Мәдениет институтының бастамасымен жүзеге асқан жоба екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың жарқын көрінісі болумен қатар, ұлттық әдебиетіміздің рухани кеңістігін де кеңейте түседі дейді қаламгерлер.
Басылым жобасының идеясы мен тұжырымдамасын Эдоардо Кризафуллли мен Роллан Сейсенбаев әзірлеген. Ал поэманы қазақ тіліне – Қорғанбек Аманжол, орыс тіліне – Ольга Седакова аударған. Әлем әдебиетінің жауһарларын аудару ісі – рухани кемелдікке бастайтын маңызды бағыт екенін айтқан зиялы қауым, бүгінгі климаттық дағдарыс пен адамзаттың рухани күйзелісі жағдайында мұндай шығармалардың өзектілігі бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті.
«Бөлінулер мен қақтығыстар күшейген дәуірде «Жаратылыстарға мадақ» жырының қазақ тіліне алғаш аударылуы – сұлулықтың жарқын нышаны және терең мағынадағы мәдени дипломатия үлгісі. XIII ғасырдың бұл туындысы әлем үйлесімін, барлық жаратылыстың бауырластығын дәріптейді. Ең бастысы қазақ даласының рухани дәстүрлерімен – кең аспанымен, ұшы-қиырсыз кеңістігімен, көне көшпелі даналығымен үндес», дейді Қазақстандағы Италияның Төтенше және өкілетті елшісі Антонелло Де Риу.
Поэма табиғатты мадақтап, адам мен жаратылыс арасындағы үндестікті дәріптейді. «Жарық Күнге, Айға, суға, тіпті өлімге де алғыс айт», дейді Ассизи. Бұл тұрғыда жазушы Роллан Сейсенбаев: «Ақын жан-дүниесінде Шығыстың да, Батыстың да таным-түсініктері, рухани мәдениеті еркін өмір сүреді. Ол үшін әлем ортақ, үй ортақ, таным ортақ, тән ортақ. Осы ортақ рухани мәдениеттер оның бойына мәңгі қонып, мәңгі өмір сүрді. Франциск Италия әдебиетінің тұңғыш ұлы ақындарының бірегейі болды. Оның қолтаңбасы бүкіл Шығыс, Батыс әдебиеттеріне бірдей ықпал жасады. Франциск те, Абай да Сұлулыққа, Құдайға ұмтылады, сол мәңгі тебіреніске бас иеді», деп пікір білдірді.
Уақыт сынынан өтіп, қанша ғасырлар сырғыса да мән-маңызын жоғалтпаған шығарманы қазақ тіліне аударған ақын Қорғанбек Аманжол, бұл жыр бүкіл тіршілікке сүйіспеншілікпен қарауға, табиғатты қадірлеуге, қарапайымдылық пен рақымдылыққа үндейтін шығарма екенін айтады.
«Италия ақыны өз дәуірінде ізгілік пен имандылықтың тұтқасы болған адам. Мен бұл кісінің тұлғасын біздің Қожа Ахмет Ясауи бабамызға ұқсаттым. Жырды аудару барысында, тебіреніске түскен сәтім де аз болған жоқ. Ақын, жырдың өзегінде Бір жаратушының ұлылығын әйгілеп, мадағын өлеңмен өрнектейді. Бұл сөз хақ мұсылманның аузынан айтылса да, иманға үйірілген басқаның аузымен айтылса да сол сөз. Ассизидің орнына сол тұста өмір сүрген қазақтың бір ақынын қойсаңыз да жырдағы пайымды дәл солай қабылдайсың. Менің түсінігімде, бұл кісінің жыры бүкіл адамзаттық дүние. Аудармамен айналысу барысында Италияның Қазақстандағы елшілігіне риза болдым. Әңгіме барысында олардың қазақ еліне деген ықыласы ерекше екенін аңғардым. Бір сөзінде Елші Семейге Абай туған топыраққа баруды жоспарлап отырмын десе, тағы бір сөзінде Қарағандыға барып «Карлагты» көрсем деген ойын ортаға салды. Бұл олардың қазақ тарихына, мәдениетіне аса құрметпен қарайтынын көрсетеді деп пайымдадым. Жалпы алғанда осындай рухани жобалардың бел ортасында жүрген қабырғалы қаламгер Роллан Сейсенбаев мырзаға алғысым шексіз», дейді Қорғанбек Аманжол.
Әйгілі жырдың үш тілдегі нұсқасы қатар ұсынылған кітап отандық суретші Сарра Есенбайдың 27 түпнұсқа иллюстрациясымен көркемделген. Онда Италия мен қазақ даласының сұлу пейзаждары қатар өріліп, оқырманға айрықша әсер сыйлайды.
АЛМАТЫ