Абай жарықтық 1904 жылы 6 шілдеде Қарауылда дүниядан өткенде, қазақ жерінің екінші шетіндегі Ғұмар Қараштың жасы 30-да болатын.

Абайдың есімін Ғұмар Қараш алғаш қашан естіді екен? Ұшқан құс­тың қанаты талатын қазақ даласының шығысында жасаған данышпанды күн­батыстағы Ғұмар қалай таныды? Ол кезде қазіргідей көзді ашып-жұмғанша ақпарат алмасатын мүмкіндік жоқ еді ғой.

Қолда бар деректер және естелік­тер Ғұмар Қараштың Абай есімін ерте білгенін, ерекше құрметтегенін, барынша насихаттағанын көрсетеді.

Абай атамыздың алғашқы кіта­бы «Қазақ ақыны Ибраһим Құнан­байұғылының өлеңі» деген атаумен 1909 жылы Петербор қаласында Ілияс Борағанскийдің баспаханасынан басылып шыққаны белгілі.

Міне, осы жинақ көп кешікпей Ғұмар Қараштың да қолына түскен сияқты. Ол бұл кезде Ішкі ордаға қарас­ты Талөпке қисымының №1 старшын­дығында имам болатын.

Жалпы Ғұмар – ерте есейген, 17 жасынан медреседе ұстаздық еткен, Қазан мен Уфада діни білім алып келген соң 1903 жылы 22 ақпан­да имам-хатиб, мударрис атағына, ал 1904 жылы 30 шілдеде ахун дәрежесіне бекітілген. Орынбор мен Қазанда, Уфа мен Қырымда шыққан басылымдардан хабар алып, өзі де мақала жазып тұрған, зиялылармен, озық ойлы студенттермен пікірлес, аралас-құралас Ғұмар қазақ руханияты мен мәдениетіне қатысты жаңалықты алғашқылардың бірі болып естіп, үн қосып отырған.

1909 жылы Абайдың өлеңдері кітап болып басылса, 1910 жылы Ғұмар Қараштың өзі «Шайыр» және «Көксілдер» атты екі жинақ шығарған. Ал 1911 жылы Ғұмардың «Қарлығаш» кітабы – Қазаннан, «Өрнегі» – Орынбордан, «Бала тұлпары» Уфа шаһарынан жарық көрген еді.

Осы 1911 жылы Ғұмар Қараш бөкей­ліктің бір топ зиялысы – Шәң­герей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйриндермен бірге қазақ­тың тұңғыш газеті – «Қазақстан» ба­сы­лымын да шығарып, жарғақ құ­ла­ғы жастыққа тимей жүрген кезі болатын.

«Қазақстан» газетінің 1911 жыл­ғы қауыс айында (15 қарашада) шыққан санында «Әдебиет таңы» атты мақала басылған. Мақала авторы көрсетілмесе де сөз орамдарынан Ғұмардың қолтаңбасы анық байқалады:

«Надандық бір хасте болса, шифасы оның ғылым екендігінде шәк жоқ. Қазақ халқы қараңғылық сарайында жол таба алмай қамалған бір заманда бекітілген есігін ашуға бұл күнге дейін шын қайрат көрсетушілеріміз бармағын санарлық дәрежеде аз еді. Шүкірлер болсын, бізді қаптаған тұман серпіліп, әдебиет таңы да атуға сәулесін шаша бастады» деп басталған мақалада автор «әдебиетсіз халық басқа (мәдени*) халықтармен тізе қосып қатар жасай алмайтынын» анық айтады.

Біз бұл жерде мақаланың бәрін кел­тірмей, түйін сөзіне ғана тоқталамыз:

«Бірінші ақындардан марқұм Ибраһим Құнанбаевтың:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш, дүниеге,

Кетігін тап та бар, қалан, деген насихат сөздерін талапкер жастар­дың естеріне түсіріп, сөзімізді қысқартамыз», деп аяқтайды автор.

Қараңызшы, автор Абайды – «бірінші ақындардан» деп бағалап тұр! Әйгілі Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы жария болуына әлі екі жыл бар еді бұл кезде.

Ғұмардың Абай шығарма­шылығына ерекше ықыласын 1956 жылы Шафхат Бекмұхамедовтен жазып алынған мына бір естелік те анық көрсетіп тұр.

«Менің Ғұмар Қарашевті әуелгі көруім – 1916 жылы Шәңгерейдің үйінде, Борсыда. Ол уақыт менің студент кезім (Ш.Б., бұл кезде Қазан университетінің заң факультетінде оқып жүрген – Қ.Қ.). Жаз демалыс мезгілінде Шәңгерейдікіне барып, мәжілісінде болып, әңгімесін тыңдаймыз, қонақ болып аунап-қунаймыз. Қазақ жастарын тартатын – оның ғылыми әңгімелері, әсіресе әдебиет, көркем өнер мәселелері туралы пікірі болатын. Шәңгерей біздіңше орыс, батыс, шығыс, қазақ әдебиеттеріне аса жетік секілді еді. Біз, студенттер, Шәңгерейдің әңгі­месін лекция есебінде тыңдап, ой-білім өрісімізді кеңітуге тырысатын едік. Шәңгерейдің бір мінезі: бірінші көрген адамның дүниеге көзқарасын білуге тырысатын. Бұған әдебиет мәселелерін құрал ететін. Сонда ол өзіне ұнаған бір жазушының идеялық пікірлерін келтіріп, оған өзі қарсы кісі болып сөйлейтін, әңгімелесіп отырған кісісін осылайша сынайтын.

1916 жылы шілде айында Шәңге­рейдікінде Ғұмармен кездеске­німде, Абай әңгіме болды (Абай өлеңдерінің жинағы кітапша болып басылып шыққан кез). Өзіміз ол кезде Абайдың кім екенін, оның поэзиясының мәнісін білмейміз. Ғұмар Абайдың өлеңдерін оқып, талдап түсіндірді. Абайдың поэзиясына үлкен баға беріп, «ұлы ақын» деген сөз айтты. Тыңдаушының ішінде Шәңгерей де отыр еді. Ол бірқатар теріс пікір айтып салды. «Мен Абай өлеңдерін түсінбеймін, оның өлең, сөз құрылысы, тіпті сөздерінің бір қатары маған түсініксіз» дегенді айтты. «Шыныңды айтшы, өзіңше Абай өлеңдері сенің өз өлеңдеріңнен қалай?», деп Ғұмарға сұрау қойды. Ғұмардың өлеңін мақтаған болды.

Ғұмар сонда Абай өлеңінің сөз құ­рылысын, өлең ұйқастарын қайталап толықтау етіп айтып, «бұрын-сонды қазақ ақындарының ішінде Абайға тең келетіні жоқ» деген сөздерді айтты. Шәңгерей Ғұмардың сөзіне еріп кетіп, Абайды тіпті Ғұмардан гөрі де асыра мақтап жібергенін өзі де сезбей қалғандай болды...»

Көріп отырғанымыздай, Ғұмар Абайды «ұлы ақын» санаған, ұлы ақынның тұлғасын танып, төңірегіне талмай насихаттаған.

Ғұмардың Абай шығармашы­лығына деген шынайы ықыласын мына бір дерек те қапысыз көрсетеді.

1919 жылы Хан Ордасында қазақтың тұңғыш педагогикалық «Мұғалім» журналы жарық көрді. Редакция алқасында Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ишанғали Меңдіханов, Ғали Бегәлиев сынды бөкейлік зиялылар кіргенімен, басылымның даусыз басшысы Ғұмар Қараш болатын.

Ал енді журналдың мұқабасына көз салайық:

«Махаббатсыз дүние дос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

Абай».

Абай жарықтықтың бір шумақ өлеңі «Мұғалім» журналының бас ұра­нына алынғанын көре­міз. Бұл да ұлттың ұлы ақынына деген құрмет, ізет дер едік.

Батыс Қазақстан облысы