Өзбекстан жазушылар одағы ұлы ойшылдың 180 жылдығын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр.

Жер жерде жыр мүшәйралары ұйымдастырылып, Абай шығармаларына арналған ғылыми конференцияларда екі елдің ғалымдары бас қосады. Жуырда өзбек қаламгерлері қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармаларын қамтитын 10 томдық жинақты басып шығарды.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Абай мұрасын зерттеуге және халық арасында кеңінен насихаттауға байланысты арнайы қаулысы бар. Құжаттың басты мақсаты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту және өзбек жастарын қазақ әдебиетімен таныстыру. Соның аясында жыл сайын Абай күні кеңінен атап өтіледі.

Ғайрат Мажид, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары:

- Біз Өзбекстанның жазушылары Абай шығармаларын оқып өстік. Соның ішінде ойшылдың 45 қара сөзін ерекше атап өткім келеді. Мұхтар Әуезовтың көп томды Абай жолы романы кезінде өзбек тіліне аударылып, оқырманның жүрегін жаулады. Соңғы жылдары Қазақстанның жазушылар одағымен байланысты күшейттік. Екі ел қаламгерлерінің таңдаулы шығармаларын аудару жоспары бар.

Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Салиховпен кездесіп, Абайдың 180 жылдығын атап өтуге қатысты ой пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ елшіге қазақ қаламгерлерінің таңдаулы шығармалары қамтылған 10 томдық кітап таныстырылды.

Тұрсынәлі Ахметов, Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы:

- Абайдың 180 жылдығына орай Абайдың ерекше тундысы бар. 38 қара сөзін қайта мәтіндік талдау жасап, қайта кітап ретінде басу бар. Сол дәстүр өзбекстанда да қалыптасып келе жатыр. Өзбек тіліне аударма жасап, шығарайын деп отырмыз.

Биыл Өзбекстан үкіметі Абайдың 180 жылдығын атап өту бағдарламасына 152 млн сум қаржы бөлді. Бұл сома мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға, қала мен аудан, ауылдарда өтетін жыр мүшәйраларының жүлдегерлеріне бағалы сыйлық алуға жұмсалмақ.

Дулат Нуркин