Қазақ тілі — мемлекеттің басты нышаны, ұлттық бірегейліктің өзегі, рухани тәуелсіздіктің тірегі.
Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанның мемлекеттік тілі бола тұра, қазақ тіліне деген нақты саяси талап пен жауапкершілік билік құрылымдарында әлі де әлсіз. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қазақ тілін міндетті түрде қолдану мәдениетіне толық көшпей отыр. Ендеше, «неге?» деген сұрақ орынды. Неге билік иесі өзі басқарып отырған елдің тілін талап етпейді?
Заң бар, бірақ талап жоқ
1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңда қазақ тілі — мемлекеттік тіл деп анық жазылған. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар іс қағаздарын, мәжілістерді, құжат айналымын қазақ тілінде жүргізуі тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл норма көбіне формалды сипатта қалып отыр. Заң бар, алайда оны орындауға деген нақты бақылау мен жауапкершілік жоқ.
Билік иелері жиі айтатын уәж — «уақыт керек», «көптілді қоғамда біртіндеп жүзеге асады». Бірақ отыз жылда біраз нәрсені өзгертуге болар еді? Көршілес елдерде мемлекеттік тіл саясаты әлдеқайда батыл жүргізілді. Балтық елдері, мысалы, мемлекеттік тілге көшуді қысқа уақыт ішінде жүзеге асырды. Ал бізде әлі де орыс тіліндегі баяндама, есеп, хаттама қалыпты жағдай. Демек, мәселе тек уақытқа емес, саяси ерікке тіреліп отыр.
Қазіргі шынайылықта қазақ тілі көбіне қарапайым халықтың, мәдениет пен өнердің, әдебиеттің, қызмет көрсету орталықтарының, тұрмыстың тілі ретінде қабылданады. Бұл — тіл саясатының теңсіздігін көрсететін ең өткір белгі.
Мемлекеттік тілдің тағдыры – тікелей саяси ерікке байланысты. Егер Президент, Үкімет, Парламент және әкімдер деңгейінде нақты талап қойылмаса, ешқандай бағдарлама нәтиже бермейді.
Билік иелері қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылғанымен, бұл көбіне символдық сипатта. Кейбіреуі «қазақша білеміз» дейді, бірақ ресми жиналыста өзге тілді таңдайды. Бұл – мемлекеттік тілге деген сенімсіздіктің белгісі. Ал сенімсіздік жоғарыда болса, төменге талап та түспейді.
Тілді шынайы құрметтеу – саяси шешімнен басталады. Егер министр қазақ тілін білмесе, ол өз саласында қазақ тілінде есеп жүргізуді, нұсқаулық дайындауды, құжат айналымын енгізуді талап етпейді. Осылайша мемлекеттік тіл шенеуніктердің қызметінде қосымша, қажетсіз функцияға айналады.
Мемлекеттік қызметкерлер үшін тіл проблемасы тек «жақсы болар еді» деңгейінде қалып отыр. Ал бұл салада нақты санкция немесе талап жүйесі қалыптаспаған.
Мысалы, мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде қазақ тілін білу деңгейін тексеру формалды түрде өтеді. Тест тапсырады, бірақ нақты сөйлесу, түсіну, жазу қабілеті бағаланбайды. Соның салдарынан, тіл білмейтіндер мемлекеттік қызметке еш қиындықсыз кіріп кетеді.
Тілге немқұрайды қарау жауапсыздықты қалыптастырады. Егер министрлікте немесе әкімдікте бір құжат орысша дайындалса, ешкім оған сын айтпайды. Керісінше, «негізгісі түсінікті болсын» деп қарау — жүйелі жағдайдың бастауы.
Қазақ қоғамының 90 пайызы бүгінгі күні қазақ тілді. Бүкіл оңтүстік облыстар (Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Шымкент, Түркістан), сонымен қатар батыс өлкесі және Абай, Ұлытау, Қарағанды облыстарының көпшік бөлігі мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ал билік элитасы арасында, әсіресе орталық деңгейде, орыс тілінің үстемдігі сақталып отыр. Осы жағдай билік пен қоғам арасындағы тілдік алшақтықты тудырады.
Әлеуметтік желіде халық мемлекеттік тілдің қорғалуын, отырыстардың қазақша өтуін, заңдардың қазақша нұсқасының сапалы болуын сұрайды.
Дегенмен, қазіргі билік иесі талапқа салқын қарайды. Ал бұл халықтың билікке деген сенімін азайтады, ұлттық тұтастыққа сызат түсіреді.
Қазақ тіліне сұраныс жоқ емес, қолдау жоқ
Кейде билік өкілдері «қазақ тіліне сұраныс төмен» дейді. Бұл — шындыққа жанаспайды. Қазақ қоғамында тілге сұраныс өте жоғары. Бүгінде жастар қазақша контент жасайды, қазақ тіліндегі медиалар көбейіп келеді, бизнес саласында да қазақша жарнама мен қызмет көбейді.
Бірақ, сұраныста емес, қолдауда. Егер билік қазақ тіліндегі бастамаларды нақты қаржылай, институционалдық түрде қолдаса, тіл дамуы еселене түсер еді. Ал әзірге мұндай қолдау жартылай сипатта.
Мемлекеттік тілдің шын мәніндегі мәртебесін көтеру үшін «құр насихат» жеткіліксіз. Қажетті нақты шаралар мыналар болуы тиіс:
Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде қазақ тілін білуге арналған талапты күшейту. Тек тест емес, нақты әңгімелесу, мәтін жазу, құжат толтыру сияқты тәжірибелік бағалау енгізу.
Барлық ресми отырыстар мен баяндамалар қазақ тілінде өтсін. Орыс тіліндегі сөйлеу тек қажет болған жағдайда аудармамен жүргізілуі керек.
Қазақ тіліне байланысты бақылау жүйесін құру. Әр мемлекеттік органда тіл саясатына жауапты бөлім нақты көрсеткіштермен жұмыс істеуі қажет.
Мемлекеттік БАҚ пен контент саясаты қазақ тілінің қолданысын арттыруға бағытталуы тиіс.
Заңнамалық өзгеріс: мемлекеттік тіл нормаларын бұзу немесе елемеу әкімшілік жауапкершілікке тартылсын.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі