Ғылым – елдің интеллектуалдық қуатын айқындайтын басты сала. Кейінгі жылдары ғылымды қолдау бағытында бірқатар құрылымдық қадамдар жасалып келеді. Алайда саланың дамуына кедергі келтіріп тұрған жүйелік мәселелер де жоқ емес. Қағазбастылық, басқару сапасы, маман тапшылығы, құралдардың жетіспеуі мен шешім қабылдау үдерістерінің ашық еместігі – ғалымдарды алаңдататын өзекті жайттардың қатарында.
Дамуға қағазбастылық кедергі
Ғылымды дамыту – тек инфрақұрылым салу немесе грант бөлу емес, ең алдымен, оның алғышарттарын қалыптастыру, кедергілерін жою, жүйесін нақтылау. Бұл ретте ғылыммен айналысып жүргендердің тәжірибесі мен пайымы аса маңызды. PhD, қауымдастырылған профессор, 2024 жылғы үздік ғылыми қызметкер Аманжол Тұрлыбекұлының айтуынша, ғылымның дамуына кедергі болатын бірнеше негізгі мәселені жүйелі түрде шешпей, алға жылжу қиын. «Ғылымды дамыту үшін алдымен оның жолын бөгеп тұрған негізгі мәселелерді анықтап, түбірімен шешу қажет. Бүгінде ғылым саласында бірнеше өзекті түйткіл бар. Біріншіден, бюрократия – қаржының кеш түсуі, сатып алудағы қиындықтар, жобаларды бақылаудың әлсіздігі жұмыстың тиімділігін төмендетеді. Екіншіден, сапасыз менеджмент ғылыми үдерістерді дұрыс үйлестіре алмай отыр. Үшіншіден, шешім қабылдау тетіктері жабық әрі түсініксіз. Ең басты мәселе – елімізде ғылымның миссиясы терең ұғынылмай отыр. Ғылым тек есеп пен грант үшін емес, ел болашағы үшін қажет екенін түсіну керек», дейді ғалым.
Ғылым саласының айналасында қордаланған әкімшілік кедергілер ғылым жолындағы талай жаңашыл бастаманың алдын орап тұр. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің мәліметінше, 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарға арналған грант конкурсына 580 өтінім келіп түскен. Олардың 154-і құжаттама талаптарына сай емес деп танылған. «Бюрократия жалпы алғанда қажет нәрсе. Алайда шаш аламын деп, бас алатын кездер өте көп. Мысалы, ғылыми зерттеу гранттарын ресми тексеру кезінде, өтінімді қоя тұрып, қосалқы құжаттамада «Келісім» сөзінің орнына «Келісімшарт» («Соглашение» орнына «Договор») сөзі қолданылғаны үшін өтінімдер конкурстан шеттетіліп жатыр. Осындай жағдайлар сайыс деңгейін жоғарылатудың орнына әділ бәсекеге кедергі жасап, конкурс деңгейін төмендетеді. Былтыр 2024–2026 жылдарға арналған гранттар конкурсында, кей бағыттарда ресми тексеру мен сараптамадан өткен барлық өтінім қаржыландырылды. Бұған себеп, ресми тексеруден ғылыми жаңашылдығы жоғары болса да, жобаның орындалуына әсер етпейтін түзетілуі оңай қателер үшін сайыстан шеттетіліп, ақыр аяғында қаржыландыру көлемі үміткерлер санынан асып кетті. Бұл ғылымның дамуына қолдан жасалған кедергі ғой», дейді Аманжол Тұрлыбекұлы.
Министрлік ұсынған мәліметке сүйенсек, ғылыми гранттар конкурсында өтінімдердің қайтарылу себептері – өтінім құжаттарының дұрыс рәсімделмеуі және талаптарға сай болмауы. Атап айтқанда, жобада технологиялық дайындық деңгейі (TRL) көрсетілмеген немесе оны дәлелдейтін құжаттар тіркелмеген. Кей өтінімдерде тақырып бұрынғы жобалармен немесе осы конкурстағы басқа өтінімдермен мазмұн жағынан қайталанып кеткен. Сондай-ақ ғылыми жетекшінің білімі мен жарияланымдары талапқа сәйкес болмаған жағдайлар кездескен. Қаржылық құжаттар мен зерттеуші топ туралы мәліметтерде сәйкеспейтін тұстар болған. Бұдан бөлек, өтінімді түзетуге берілген уақыт ішінде кері жүктелмеген өтінімдер де көп. Осындай техникалық және мазмұндық қателіктер салдарынан бірқатар жоба қаржыландыру мүмкіндігінен айырылған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, техникалық қателікке қарамастан ғылыми мазмұны құнды жобаларға басымдық беріледі екен. Оларда қайта қарау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ барлық келіп түскен өтінімге қатесін түзетуге 3 күн уақыт берілген.
Сонымен қатар отандық ғылымның дамуына кедергі болып отырған мәселенің бірі – ғылыми жобаларды қаржыландырудың баяу жүргізілуі. Ғалымдардың айтуынша, елімізде ғылыми байқаулардың дер кезінде өтуі сирек дүние. 2025–2027 жылдарға грантпен қаржыландыру бағдарламаларының құжаттамаларында жобаның орындалу мерзімі 36 ай деп көрсетілгенімен, іс жүзінде бұл мерзім сақталмайды. Нәтижесі кешігіп шыққаннан кейін қаржыландырудың іске қосылуына да тағы бір-екі ай кетеді. Сөйтіп, жобаның алғашқы жылы 12 ай емес, 6-8 айға қысқарып қалады. Одан қалса, қаржылық жыл 15 қарашада аяқталатындықтан, кейбір жобаларға небәрі 2 айдай уақыт беріледі. Екі айда зерттеу тұрмақ, құрал-сайман сатып алып үлгеру мүмкін емес.
Грант конкурсы ашық өткізілмейді
Ғылыми жобалар және бағдарламалар басқармасының бас сарапшысы Дос Әлиұлы ғылыми жобаларды қаржыландыруға өтінім беру барысы толықтай автоматтандырылғанын және электрондық түрде жүргізілетінін атап өтті. Оның сөзінше, жобаларды тіркеу, құжаттарды енгізу тек жоба жетекшісінің жеке кабинеті арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ қазіргі таңда өтінімдерді бағалау барысы адами фактордың ықпалынан барынша арылған. «Әрбір өтінімге сарапшылар жасанды интеллект арқылы автоматты түрде таңдалады, олар жобаның ғылыми бағыты мен кілт сөздеріне сәйкес анықталады. Сарапшылардың қойған ұпайларын өзгертуге болмайды, өйткені олар код арқылы шифрланады әрі сараптама орталығының мамандарына да көрінбейді. Жобалардан шектік ұпай жинаған өтінімдер әрі қарай Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына өтеді. ҰҒК-да шешімдер ұжымдық түрде қабылданады. Әр кеңес мүшесі жеке ұпайын қояды, сарапшылар бағаларымен бірігіп, орташа балл автоматты түрде есептеліп, жалпы тізім түзіледі. Бұл тізім бойынша қаржыландыру көлемі белгіленеді», дейді министрлік өкілі.
Сырттай қарағанда, ғылыми гранттарды үлестіру барысы ашық әрі жүйелі секілді көрінеді. Алайда іс жүзінде бұл жүйеге деген сенімсіздік ғылыми ортада жылдан-жылға күшейіп келеді. Техника ғылымдарының докторы Сүндет Смаханұлы да гранттың әділ бөлінетініне күмәнмен қарайтынын айтады.
«Қазіргі таңда ғылымның тірегі – гранттық жүйе ғана болып тұр. Бүкіл ғылыми зерттеу, ізденіс, жаңалық ашу – осы бір ғана қаржыландыру тетігіне байлаулы болып қалған. Мемлекеттік деңгейде тұрақты жалақысы бар ғылыми кадрлар саны аз, ал жеке сектор ғылымға бет бұрмаған. Соның салдарынан еліміздегі ғылыми жұмыстың бәрі дерлік грантқа тәуелді. Алайда сол гранттың өзі санаулы. Жыл сайын 100 шақты ғана ғалымға бұйырады. Ал үміткерлер саны көп. Бұл жерде әділетті іріктеу мен ашық бағалау жүйесі болуы шарт. Бірақ, өкінішке қарай, оның өзі күмәнді. Осындай жағдайда жас ғалым не істейді? Бір-екі рет өтінім беріп, әділетсіз жүйемен бетпе-бет келген соң, ғылымға деген қызығушылығы сөніп, тұрақты әрі бағаланатын салаға бет бұрады. Нәтижесінде, ғылымнан жаңа буын кетіп жатыр. Ғылым тек энтузиазммен жүрмейді. Оған тұрақты қолдау, сенімді орта, әділетті жүйе керек. Сондықтан бүгінгі ең басты мәселе – ғылымды грантқа байлап қою емес, оның ұзақмерзімді тұрақты қаржыландыру моделін жасау», дейді ол.
Ғалым Аманжол Тұрлыбекұлы да осы үдерістің ішкі қайшылығын алға тарта отырып, ғылыми жобаларға баға беру мен грант бөлу жүйесін қайта қарау қажет екенін жеткізді. «Бүгінгі күні ғылым гранттарын үлестірілу үдерісі айқын болып көрсетілсе де, шындығында олай емес. Ұлттық ғылыми кеңестердің гранттарды бөлуі ғылыми қоғамда жылда қатты сынға алынады. Оған қоса Ұлттық ғылыми кеңестер өзінің бастапқы миссиясынан алыстап, қосалқы міндеттермен шектеліп қалған сияқты. Ұлттық ғылыми кеңестің жұмыс істеу қағидаты да түсініксіз. Мысалы, ғылыми кеңес бір бағыт бойынша 20 адамнан құралса, 20 адамның барлығының дауыс беру құқығы бар. Бірақ ғылыми жоба өтінімінің экспертизасын кеңестің 3 мүшесі жасаса, тек біреуінің ғана пікірі қарастырылып (дауыстап оқылады). Ал қалған 17 мүшесі сол оқылған пікірге қарап өз бағасын береді. Осы тұста үлкен әділетсіздік болуы мүмкін. Бастапқыда ғылыми жобаның өтінімі шетелден экспертизадан өтетіндіктен, Ұлттық ғылыми кеңес біздің экономика мен жағдайымызға байланысты ғылыми жобаларды іріктеп алушы орган ретінде ұйымдастырылған. Алайда экспертизаның қаржысы еселеп азайтылған соң, сарапшылардың дені отандық ғалымдар болып жатыр. Осы орайда Ұлттық ғылыми кеңестердің гранттарды үлестірудегі миссиясы түсініксіз болып қалды. Оған қоса ұлттық ғылыми кеңестер мен сарапшылардың бағалары жиі полярлы болады. Менің өзім экспертизадан 100-ден 88 балл жинап, ұлттық кеңестен 100-ден 40 жинағаным бар. Ғылыми жұмысты ұйымдастырудағы айқын еместіктің бұл тек бір мысалы. Осындай ғылым дамуын шектеп жатқан басқа да жайттар көп», дейді А.Тұрлыбекұлы.
Ал жауапты министрлік сарапшылардың бағасына немесе кеңес шешіміне келіспеген жағдайда апелляция рәсімі бар дейді.
Қуатты құралдардың жетіспеуі қолбайлау
Назарбаев университетінің PhD, ғылыми қызметкері Азамат Ешмұхаметтің айтуынша, қазіргі ғылым мен технологияның дамуы есептеу қуатына, яғни суперкомпьютерлер мен жоғары өнімді графикалық карталарға тікелей тәуелді. «Қазір іргелі зерттеу жүргізу үшін жай зертхана немесе қарапайым компьютер жеткіліксіз. Миллиондаған итерацияны өңдеу үшін «NVIDIA» сынды алпауыт компаниялардың графикалық процессорлары қажет. Бізде еліміз бойынша мұндай талапқа сай төрт-ақ суперкомпьютер бар. Ал әлемнің дамыған елдерінде, мысалы, Қытайда бір ғана университет жылына жүздеген суперкомпьютер сатып алады. Біз болсақ, бүкіл ел болып, сол төрт құрылғыға қарап отырмыз», дейді ол.
Азамат Ешмұхаметтің айтуынша, бұл жағдай отандық ғылымның дамуын тежеп отыр. Себебі заманауи ғылым тек теориямен емес, нақты есептеумен алға жылжиды. Ал қарапайым компьютерлермен күрделі үдерістерді айлап-жылдап жүргізуге тура келеді. «Бізге суперкомпьютерлер ауадай қажет. Олар миллиондаған есептеуді он минутта аяқтай алады. Ал сіз дәл соны жеке компьютерде жасасаңыз, бір жыл уақытыңыз кетеді», дейді зерттеуші.
Маманның пікірінше, бұл жағдайға құралдардың қымбат болуы ғана емес, мемлекеттің ғылымға бөлетін инвестиция көлемінің мардымсыздығы да себеп.
Аманжол Тұрлыбекұлы қажетті құралдардың жетіспеуіне университет басшыларын жоғарыдан тағайындау жүйесі де әсер етеді дейді. Оның айтуынша, әрбір оқу ордасында толық жабдықталған зерттеу институттары жұмыс істеу қажет.
Қазіргі заңдылықтардан мүмкіндік іздеген университет ректорлары мен ғылыми ұйым жетекшілері ең алдымен, өз орнын сақтап қалуды ойлайды. Мұндай жағдайда олар мекеменің ғылыми әлеуетін арттыруға, зертхана жабдықтарын жаңартуға емес, есеп беру мен сырттай көрінетін формалистік шараларға басымдық береді. Осы себепті бүгінде көптеген университетте ғылымға аса қажетті құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Мәселен, кейінгі 20 жылда еліміздегі ұлттық университеттер қанша электрондық микроскоп немесе рентген дифрактометрін сатып алды екен? Менің білуімше, мұндай заманауи құралдардың басым бөлігі мүлде жоқ немесе өте ескі. Ал онсыз сапалы зерттеу, ғылыми жаңалық ашу мүмкін емес», дейді ғалым.
Ғалымдар бизнесмен емес
Кейінгі жылдары ғылым саласында зерттеу нәтижелерінің табыс әкелуі мен экономикалық қайтарымы туралы талаптар күшейе бастағаны байқалады. Тіпті «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды.
«2024 жылғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде ғылымға жұмсалған ішкі шығындардың 82,7%-ы – іргелі және қолданбалы зерттеулерге тиесілі. Ал нақты өнім, технология немесе жүйе шығаруға бағытталған тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге небәрі 7% ғана бөлінген. Бұл – ғылыми нәтижелерді нақты өмірге енгізу жағы ақсап жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз жасап жатқан ғылыми жобалар мен технологиялық әзірлемелер еліміздегі халықтың өмір сүру сапасын едәуір жақсарта алады. Бірақ ол үшін бұл жобаларды қолданысқа енгізіп, нарыққа шығаруға жағдай жасау қажет. Қазір ғылым тек зертхана ішінде шектеліп қалмауға тиіс. Дайын өнімдер мен ғылыми нәтижелерді бизнес саласына шығару маңызды. Бұл, бір жағынан, ғылымның өз-өзін қаржыландыру мүмкіндігін арттырады. Сондықтан тәжірибелік-конструкторлық жобаларды қолдау мен ғылыми жұмыстарды коммерцияландыруға мән берілетін болады», дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі, Бюджеттік жоспарлау және қаржы басқармасы басшысы Еркін Нұрабайұлы.
Алайда Аманжол Тұрлыбекұлының пікірінше, ғылымның басты миссиясы – бірден табыс әкелу емес, ұзақмерзімді білім мен технологиялық іргетас қалыптастыру. «Мені ең көп уайымдататын мәселе – елімізде ғылымның миссиясын дұрыс түсінбеуі. Бүгінде Қазақстанның экономикалық дамуы ғылыми инновацияларға негізделу керек деген пікір бар. Ең алдымен, осы бір мистификацияның басын ашып алайық. Біздің экономикалық өсім ғажайып технологияны ойлап табуға негізделмеуі керек. Біздің ғылыми әлеует ондай өсім бере алмайды. Соған қарамастан, қазір министрлік ғалымдардан табыс алып келетін жобаларды талап етіп жатыр. Ғалымдар – бизнесмен емес, бола алмайды да. Экономикалық өсім жерді бұрғылауды арттыру арқылы (5 млн тонна мұнай орнына 10 млн тонна мұнай өндіру), не болмаса технологиялар трансфері арқылы ғана іске асырыла алады. Мысалы, әлемде ешбір сиыр сүт өндіруден голштин сиырына жетпейді және оның өнімділігін арттыру үшін дамыған елдер (ЕО, АҚШ) ғылыми гранттар арқылы қаражатты миллиардтап құйып жатыр. Демек біздің елдегі сүт өнімділігін арттыру үшін әлемнің ғасырлар бойы оңтайландырылған голштин сиырын елімізге әкелсек болғаны. Яғни бізге осы озық технологиялармен жұмыс істей алатын, біліктілігі жоғары мамандар қажет. Мәселен, жаңағы голштин сиырын елге әкелудің орнына, ұрығын әкеліп біздегі сиырларды жасанды ұрықтандырып өзіміздің майка сиырымыздан голштин бұзауын ала аламыз. Сондай-ақ оның жергілікті инфекцияларға бейімділігі жоғары болғандықтан, оның жерсінуі шетелден тірідей әкелінген ересек сиырға қарағанда жоғары. Ал осындай әдістермен жұмыс істей алатын маман ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім ордаларында ғана дайындалады. Яғни заманауи кадрларды даярлау үшін жоғары оқу орындарында міндетті түрде ғылыми зерттеу жұмыстарының жүргізілуі шарт», дейді ол.
Ғылымды ілгерілетуде сыртқы инфрақұрылымнан бұрын, ішкі мазмұн мен жүйенің тиімділігі маңызды рөл атқарады. Зерттеуші Аманжол Тұрлыбекұлының айтуынша, ғылыми экожүйені шынайы дамыту үшін заманауи, икемді басқару үлгілері мен ашықтыққа негізделген тәсілдер қажет. Осы ретте ғалым ғылымға тек көрінетін форма емес, нақты стратегия, озық кадр саясаты мен жүйелі қолдау керегін алға тартады. «Қазіргі кезде орталықтанған жүйелерге қарағанда горизонталды жүйелер әлдеқайда тиімді екені дәлелденген. Қабырғасы қисайған үйдің сыртын ақтағаннан пайда бар ма?», дейді ғалым.