Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежеп, қоғам өміріне әділетсіздік дәнін себетін қауіпті құбылыс. Бұл – бір немесе бірнеше адамның жеке бас пайдасы үшін көпшіліктің мүддесіне қарсы жасалатын ауыр қылмыс. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда осы індет біздің ел үшін де өзекті мәселеге айналып отыр. Оған заңды да, арды да тосқауыл құрлы көрмеген кей отандасымыздың қылмысты болып, құрықталып жатқаны дәлел.
Сондай оқиғаның бірі жуырда Қарағанды облысында тіркелді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының соты облыстық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Д.Хамзинге және осы департаменттің қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы К.Қашқынбаевқа қатысты үкім шығарды.
Д.Хамзин Қазынашылық департаментінің ғимаратын ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыс актісіне қол қойып, 1 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылған. Сонымен қатар ол Қ.Қашқынбаевпен бірге олармен үлестес адамдарды жалған жұмысқа орналастыру арқылы 2,5 млн теңгені жымқырған. Бұл екі азаматқа сәйкесінше 55 млн және 25,4 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мұндай өрескел құқық бұзушылық түрлері тек өңірлерде емес, Астананың өз басында да аз тіркеліп жатқан жоқ. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі Кадрлық және әкімшілік қамтамасыз ету департаменті директорының бұрынғы орынбасарының сотталуы – соның айқын айғағы.
Антикордың мәліметінше, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аталған лауазымды тұлға Б.Жолтайға қатысты үкім шығарды. Ол үлестес компанияны қызметтік көлікті жөндеуге заңсыз тарту арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы – 3,2 млн теңге. Бұл азаматқа да мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 3,4 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Тағы бір көңілге қаяу түсірер мысалды денсаулық сақтау саласынан келтірсек деп отырмыз. Ол – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы орынбасарының қылмысы әшкере болып, заң алдында жауапкершілікке тартылуы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, денсаулық сақтау жүйесі – парақорлық тәуекелдері көп тіркелетін саланың бірі. Өйткені кейінгі 3 жылда бұл салада 134 қылмыстық құқық бұзушылық орын алып, 57 адам сотталған. Жаға ұстатарлық жағдай! Мұндай заңсыздықтардың салдарынан азаматтардың сеніміне нұқсан келіп қана қоймай, медициналық қызметтер тиімділігінің төмендеуіне және мемлекет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына әкеліп соққан.
Айталық, жуырда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ пен оның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен сыбайлас жемқорлық схемасы ашылған еді. Қылмыстың істі тергеу барысында құқық бұзушылықтың бастауы басқарма төрағасының орынбасарына барып тірелген. Ол халыққа медициналық қызмет көрсету үшін бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деп күдікке ілініп отыр.
Қылмыс медициналық ұйымның «Damumed» ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілген қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен жасалған. Яғни әдеттегідей іс жүзінде медициналық қызметтер көрсетілмеген, бірақ қағаз жүзінде
30 мыңнан аса адамға қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар оған жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, қордың жымқырған қаражатын, оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырды деген айып тағылып отыр. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Айта кетсек, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес әзірге тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Елімізде жемқорлықтың құлағы қылтиятын күмәнді жобалар мен жұмыстар аз емес. Олар жіті тексеріп, заңды шешім қабылдауды талап етеді. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің Атырау қаласында өткен кезекті көшпелі отырысында облыстағы осындай бірқатар өзекті мәселе талқыға салынды.
Іс-шараға агенттіктің төрағасы Асхат Жұмағали, Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ірі квазимемлекеттік компаниялар, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылары қатысты.
Мәжіліс депутаты, Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Бәшімов жүргізген іс-шарада өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы мен «Бизнеске жол» жобасын іске асыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауы секілді өзекті мәселелер қаралды.
А.Жұмағалидың айтуынша, облыс тұрғындары ауызсу мен ауаның сапасын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту мәселелерін бірнеше рет көтерген. Соның ішінде жолдың жағдайы – қоғамды алаңдатқан өзекті мәселенің бірі. Мәселен, елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуда шешуші рөл атқаратын «Атырау-Астрахань» автожолын жөндеу жұмыстарының алты жылға созылуы жергілікті жұрттың ығырын шығарып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері денсаулық сақтау және білім беру нысандарының жетіспеушілігіне, экологияның жай-күйіне, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне назар аударды. Бұл мәселенің барлығы әдетте сыбайлас жемқорлық факторларымен байланысты, оны жою кешенді және жүйелі шараларды қабылдауды талап етеді.
Антикор басшысы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы – құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында ерте әрекет ету құралы ретінде қолданылуы қажет екенін атап өтті. Бұл тетіктің тиімділігі билік, қоғам және бизнес өкілдерінің ашық әрі сындарлы өзара іс-қимылына тікелей байланысты.