Қазақстан неге туристерді тарта алмай отыр?
Қазақстан әлемдік туризм нарығында өз орнын нығайтуға дайын. Табиғаты көркем, мәдениеті бай бұл аймақ біртұтас туристік кеңістік құру арқылы халықаралық ағынды еселеп арттыра алады. 2023 жылы жаһандық туризм пандемияға дейінгі деңгейдің 88 пайызына жетіп, 1,3 миллиард халықаралық сапар тіркелді. Бұл Орталық Азия үшін үлкен мүмкіндік. Алайда инфрақұрылым, визалық шектеулер, бәсекеге қабілеттілік пен үйлестірілген саясаттың болмауы бұл әлеуетті толық ашуға кедергі келтіріп отыр. Сaravan.kz медиа порталы халықаралық зерттеулерге сүйеніп жалғастырады.
2023 жылы Қазақстанға 9,2 миллион шетелдік турист келген. Бұл аймақтағы ең жоғары көрсеткіш. Олардың 2,3 миллионы көрші Ресейден келген. Еліміз тарихи нысандарды, экотуризм бағыттарын және қалалық инфрақұрылымды ұсыну арқылы шетелдік туристер үшін тартымды дестинацияға айналып келеді.
Цифрландыру бойынша да Қазақстан алғашқылардың қатарында. 2024 жылы іске қосылған eQonaq платформасы арқылы 1,2 миллион брондау рәсімделген. Сонымен қатар, 2025 жылы ұсынылған «Silk Road-Central Asia» тұжырымдамасы ортақ туристік стандарттар, визалық жеңілдіктер, аймақтық маркетинг және өңірлік туризм кеңсесін құруды көздейтін кешенді бастама. Бұл бастаманың арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы интеграциялық үдерісте көшбасшы рөл атқара алады.
Алайда кедергілер де бар дейді зерттеу. Ауылдық және табиғи аумақтарда туристік инфрақұрылымхалықаралық стандарттарға сай келмейді. Сондай-ақ, туризм саласындағы мамандардың кәсіби дайындығы әлі де жеткіліксіз деңгейде. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың ортақ мәселесі.
Қазақстанның бастамаларын Өзбекстан қолдап отыр. 2018 жылы Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы шекара ашылған соң, екі ел арасындағы туристік ағын 15 пайызға артты. 2019 жылы Өзбекстан 6,7 миллион турист қабылдаған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Ел өзін ислам сәулетінің орталығы ретінде танытып, шетелдік туристерге ерекше рухани бағыт ұсынады.
Қырғызстан мен Тәжікстан экотуризм бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл елдердің таулы аймақтары, саф табиғаты мен арзан бағасы әсіресе еуропалық және ресейлік туристер үшін тартымды. Бірақ инфрақұрылым әлі әлсіз: Тәжікстанда жолдардың тек 15 пайызы ғана асфальтталған. Сонымен қатар, бұл елдерде туризм қызметкерлерінің тек 20 пайызы ғана кәсіби даярлықтан өткен. Бұл салаға білікті кадрлар жетіспейді.
Аймақтағы ең жабық ел-Түрікменстан. Жыл сайын бұл елге 300 мыңға жетпейтін турист қана барады. Себебі мұнда шетелдіктерге жеке виза алу үшін нақты маршрут пен шақыру қажет. Мұндай бюрократиялық кедергілер елдің бай тарихи-мәдени мұрасын әлемге танытуға мүмкіндік бермей отыр.
Ресей: серіктес, нарық және ықпалды ойыншы
2023 жылы Ресей 25,1 миллион шетелдік турист қабылдады, оның 4,8 миллионы Орталық Азия елдерінен келген. Ішкі туризм де қарқынды дамып келеді: ресейліктердің 83 пайызы өз елінде демалуды жөн көрген. Бұл Орталық Азия елдері үшін дайын нарық деген сөз.
Ресей ЕАЭО аясында туризмді дамыту бойынша үйлестіруші рөл атқара алады. Қазіргі таңда Қазақстан және Қырғызстанмен туристік алмасу бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр, бірақ ауқымы шектеулі, жылына 500 мың турист шамасында. Ресей аймақтағы трансшекаралық бағыттарды дамытуға, кадрларды оқытуға және цифрландыру жобаларын қолдауға әлеуетті. Алайда бұл әлеует толығымен іске асырылған жоқ.
Қытай: инфрақұрылым мен транзиттік бағыттарға мүдделі
2023 жылы Қытайға 65,7 миллион турист келді, оның 1,5 миллионы-Орталық Азиядан. 2025 жылғы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде туризм саласындағы ынтымақтастық басты тақырыптардың бірі болды. Жоғары жылдамдықты теміржол жобалары, соның ішінде Пекин–Алматы–Мәскеу бағыты, егер үйлесімді түрде жүзеге асса, жыл сайын 700 мыңға дейін турист тарта алады.
Ортақ туристік бренд пен визалық жүйе
TripAdvisor зерттеуіне сәйкес, шетелдік туристердің 47 пайызы Орталық Азияны ортақ виза жүйесі болса, көруге дайын екенін айтқан. Бұл нарық үшін айтарлықтай сигнал. Парсы шығанағындағы елдердің тәжірибесі дәлел. Ортақ виза енгізілгеннен кейін туристік ағын бір жыл ішінде 22 пайызға артты.
Егер Қазақстан бастаған «Silk Road-Central Asia» тұжырымдамасы жүзеге асса, бұл көрсеткіш 2030 жылға дейін аймақтағы туристік ағынды 25 миллионға жеткізіп, аймақтық ЖІӨ-ге жыл сайын қосымша 5 миллиард доллар әкелуі мүмкін.
Экология мен тұрақтылық: туризмнің жаңа міндеті
ЮНВТО болжамынша, экотуризм 2030 жылға дейін жалпы туризмнен 15 пайызға жылдам дамиды. Орталық Азияда табиғи аймақтарға жыл сайын 8 миллиардқа жуық сапар жасалып, экожүйелерге ауыр салмақ түсіп отыр. Аймақ тұрақты туризмге көшуі үшін 2030 жылға дейін кемінде 1,5 миллиард доллар инвестиция қажет. Әсіресе Тәжікстан мен Қырғызстан үшін бұл сома сыртқы көмек есебінен ғана қолжетімді.
Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін біртұтас туристік кеңістік құру-болашақтың мүмкіндігі. Қазақстан бастамашы ретінде өз стратегиясын ұсынды. Ресей мен Қытай тарапынан да қолдау бар. Бірақ сәттілік тек ортақ стандарттар мен визалық келісімдерге, инфрақұрылымға инвестиция мен кадрлар даярлау ісіне байланысты. Сол кезде аймақ 2030 жылға қарай нағыз туристік магнитке айнала алады. Әйтпесе бұл жоба қағаз жүзінде қалуы ықтимал.