Электронды Үкімет порталы Qaztech-ке ауыстырылады.
2021 жылдың қыркүйегінде, дәл пандемия тұсында жартысы үйлерінде қамалған, қалған жартысы бетпердемен тұмшаланып, жүріс-тұрысы тұсалған қазақстандықтар үдере көтерілді.
Әрине, көшелерді толтырған жоқ, қоғам бар қаһарын әлеуметтік желілерде төкті. Кейін белгілі болғандай, сол кездегі Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің Facebook-тегі постының астына ашынған жұрт 90 мыңнан астам долы пікір қалдырыпты.
Халық пікірі бір арнада тоғысты: "Біз eGov-ты "Сберге" бермейміз!". Өйткені сол жылғы 3 сәуірде Қазақстанның электронды Үкіметі жүйесін "Сбер" тобы дайындаған GovTech жобасына көшіру туралы меморандумға қол қойылғаны енді анықталды.
Министр Мусин жобаны ақтап бақты. Осы мақсатта қолданыстағы eGov электрондық Үкімет порталын жамандады, оны құрақ көрпеге теңеді. "400-дей сервистен құралған құрақ" ("лоскутная") модельден – платформалық модельге шұғыл ауысу қажеттігін дәйектеді.
Цифрлық даму министрлігі "Сбер" әзірлеген Қазақстанның мемлекеттік басқаруының жаңа жүйесіне көшу бюджетке шамамен жарты миллиард долларға түсетінін, бірақ бұл соманың бір бөлігі жергілікті ІТ-компанияларға тиетінін алға тартты.
Ел мемлекеттік басқару жүйесі бөтеннің тұғырнамасына ауысқанына үзілді-кесілді қарсы болды. ІТ-мамандар да, белгілі тұлғалар да мұның қауіпті екенін қолмен қойғандай түсіндірді.
Сонда халық үніне құлақ асқан Үкімет бұл жобаны кейінге қалдырды. Сонымен бұл жоба ұмыт қалды.
Жобаның кейінгі тағдыры не болғанын қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мәдиев жария етті.
Ол меморгандарға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру жұмыстары қазіргі кезде жалғасып жатқанын мәлім етті.
Бірақ жаңа тұғырнама "Сбердікі" сияқты GovTech емес, "ГосТех" (Gostech) аталған көрінеді. Министрдің сендіруінше, бұл – қазақстандық өнім.
"Бүгінде әлемде кең ауқымды цифрлық трансформация жүріп жатыр. Осыны ескере отырып, мемлекеттік функцияларды автоматтандыру кезінде микросервистік тәсілдемені қоса алғанда, платформалық шешімдерді пайдалану – Қазақстан үшін өзекті болып қала береді. "Электрондық Үкіметтің" жаңа архитектурасын құру мақсатында 2023 жылы қазақстандық "ГосТех" жаңа платформасын құру жұмысы басталды. 2024 жылы осы мақсатта қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Өйткені "платформалық бағдарламалық өнім" түсінігін заң жүзінде бекіту қажет болды", – деді Жаслан Мәдиев.
Цифрлық даму министрінің термелеуінше, осы кезеңде біріншіден, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың "ГосТех" платформасында бағдарламалық өнімдерді әзірлеу және орналастыру жөніндегі құзыреттері бекітілді.
Екіншіден, платформаның қауіпсіз жұмыс істеуін және мемқызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік техникалық қызметтің, сервистік интегратордың, "Электрондық Үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторының функциялары кеңейтілді.
Үшіншіден, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті кеңейтілді. Ол енді функциялар мен мемқызметтерді автоматтандыру тәртібін айқындайды, сондай-ақ платформада жұмыс істеуге жұмылдырылатын мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді.
Төртіншіден, платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлеу және орналастыру арқылы мемфункцияларды автоматтандыруды іске асыру және олардан туындайтын мемқызметтерді көрсету қағидалары әзірленді. Қағидалар Цифрлық даму министрінің 2024 жылғы 16 қазандағы №653/НҚ бұйрығымен бекітілді.
"Нәтижесінде, 2024 жылы жаңа платформа "Qaztech" деген доменде сынақтық эксплуатациялауға берілді. Ол мемфункцияларды, меморган қызметін автоматтандыруға бағытталған. Сондай-ақ, бұл платформада мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік электронды ақпараттық ресурстар сонда орталықтандырылған түрде жиналады, өңделеді, сақталады", – деді министр Жаслан Мәдиев.
Дегенмен, министрдің мәліметінше, "ГосТех" әзірше толыққанды іске қосылған жоқ, оған пилоттық режимде қолданыстағы 3 ақпараттық жүйе көшірілді және бір сервис қана құрылды. Бұлар:
- Gov.kz атты меморгандардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы (ел министрліктердің, әкімдіктердің және басқа мемұйымдардың ресми сайттарына осы портал арқылы кіреді);
- Smart Bridge қызметтерінің көрсетілімі (витрина сервисов);
- "Ұлттық ақпараттық технологиялар" (ҰАТ) АҚ сайты;’
- еGov мобильді қосымшасы арқылы құмар ойындарға және букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысуды шектеу қызметі.
Алдыңғы Цифрлық даму министрі "Сбердің" "ГовТех" платформасына шұғыл көшпесе, "Электронды Үкімет" қауқарсыз күйге жетіп, мемқызмет көрсетуге жарамай, жайрап қалатынын барынша дәлелдеп бағып еді. Содан бері 3,5 жыл өтті. еGov порталы күйремеді, кідірістері болғанымен, қалыпты жұмыс істеп тұр.
Жаңа Цифрлық даму министрі Qaztech (бастапқыда "ГосТех") деген жаңа атау алған жаңа тұғырнаманың нақты қашан толыққанды іске қосылатынын айта алмады.
"Ақпараттық технологиялар саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сондай-ақ Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптар бойынша қазіргі кезде "Qaztech" платформасының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр", – деді Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары салаға жауапты шенеуніктердің шабандығын сынап, жоғарыға хат жазды.
Олар Президенттің "Электрондық Үкімет" платформасына цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын бірнеше рет атап өткенін еске салды.
"Мемлекет цифрлық жобаларға миллиардтаған қаражат төгіп жатқанына қарамастан саланы әлі күнге әртүрлі жүйелер, бірін-бірі қайталайтын сервистер, басыартық шығындар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жайлаған. Салдарынан, азаматтар мен бизнес күтілетін ыңғайлылыққа ие болмады, ал, меморгандардың қызметі тиімсіз болып қалды. Бүгінде әрбір басқарма, кейде әкімдіктердің жекелеген бөлімдері бір-бірімен үйлеспейтін төл IT-шешімдерін енгізуде. Бұл біртұтас жүйеге біріктіру мүмкін емес, интеграцияланбаған сервистердің құрылуына соқтырды", – делінген Мәжілістен Үкіметке жолданға хатта.
Мәжілісмендер мысал ретінде қалалардың цифрлық шешімдерін біріктіруге бағытталған бірыңғай Smart City платформасын келтірді. Алайда іс жүзінде, оның орнына әр аймақ өзінің "ақылды" қызметтерінің нұсқаларын жасау арқылы өз жолымен әр жаққа бытырап кеткен.
Жоғары аудиторлық палата цифрландыру саласында кең ауқымды қаржылық бұзушылықтарды тапты. Мысалы, "Инновациялық технологиялар паркі" базасында 5 технологиялық даму орталығын құруға 4,9 миллиард теңге бөлінген.
"Алайда 3 орталығы пайдасыз болып шықты, қалған 2 орталықтың болашағы жоқ деп танылды. Соның кесірінен, шамамен 3 млрд теңге босқа жұмсалды. Сонымен қатар, 95 стартап 987 млн теңге көлемінде қаржы алды, бірақ оның 32-і таратылған, тағы 21-і ешқандай жұмыс істемейді. "ҰАТ" АҚ серверлік инфрақұрылымды дамыту үшін 34 миллиард теңге қарыз алған, ал, бұған дейін ол осыған ұқсас жобаларға демеушілік жасап, нәтиже шығармаған. Бұл ретте есеп беру мен тиімділікті бағалаудың ашық тетіктері жоқ, соған қарамастан орасан зор бюджет қаражаты шығындалуда", – деді мәжілісмен Ержан Бейсенбаев.
Ол өзге елдердің жетістігін мысалға келтірді. Мысалы, ChatGPT-ті құру небәрі 6 жылға созылды және оны жасаушылар 100 миллион доллар ғана жұмсады.
Оның қытайлық баламасы DeepSeekті құруға 2 ай және 6 миллион доллар ғана шығындалған. Бір айдың ішінде ол 1 миллиард доллардай капиталдандыруға қол жеткізді.