2025 жылғы 27 маусымда Сенат пен Мәжіліс депутаттары Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Сенат депутаттарының ішінен 48 депутат есепті қолдаса, екеуі "қарсы" дауыс берген. Мәжіліс депутаттарының ішінде 69 депутат "қолдады", 2 депутат "қалыс қалды", 20 депутат "қарсы" болды.

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, қаражаттар игерілгенімен, бюджеттік үдерістің сапасы әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр, ал негізгі проблемалар жүйелі сипатқа ие.

"Экономикалық көрсеткіштер бұл тенденцияны растап отыр. Жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,8%-ды құрады, бұл Үкімет болжаған деңгейден (5,3%) және өткен жылғы нақты көрсеткіштен (5,1%) төмен. Бұл – бюджеттік құйылымдардың нақты секторда қажетті нәтиже бермегенін көрсетеді. Себебін бюджеттің құрылуы мен орындалу сапасынан іздеу қажет", – деді ол.

Мәжілісменнің айтуынша, бюджеттің кіріс бөлігінде бірнеше рет қайта қарау мен орындалмау үрдісі қалыптасқан.

"2024 жылы кіріс жоспары үш рет қайта қаралып, нәтижесінде 2 трлн теңгеге қысқартылды. Алайда нақтыланған нұсқаның өзі орындалған жоқ – ауытқу 609 млрд теңгені құрады. Бұл – болжам әдістемесінде, салықтық әкімшілендірудің нәтижелілігінде және табыс саясатының экономикалық өзгерістерге бейімделуінің төмендігін көрсетеді. Нәтижесінде республикалық бюджеттің қарыздар мен Ұлттық қор активтеріне тәуелділігі арта түсті. 2024 жылдың соңында мемлекеттік қарыз 31,8 трлн теңгеге жетті. Бұл – фискалдық тұрақтылық тұрғысынан ерекше назар аударуды талап етеді", – деді депутат.

Сонымен қатар, ол биылғы жылдан бастап жаңа редакциядағы Бюджет кодексі күшіне енгенін еске салды. Бұл құжат барлық деңгейдегі бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерінің жеке жауапкершілігін күшейтуді, жобалардың игерілмеуі мен нәтижесіздігін азайтуды, сондай-ақ шығыстардың тиімділігіне алдын ала және кейінгі бағалау жүргізуді көздейді.

Есепті қаржы министрі Мәди Такиев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов таныстырды.

"2024 жылы ЖІӨ 4,8%-ға өсті, бұл өсім негізінен мұнайға қатысы жоқ сектор есебінен қамтамасыз етілді. Биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша ЖІӨ 6%-ға өсті. Соңғы жылда мұнайға қатысы жоқ кірістердің үлесі 2,5 пайыздық тармаққа артты. Инфляция 9,8%-дан 8,6%-ға дейін төмендеді. Бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 2,7%-ын құрады. Мемлекеттік қарыз 31,8 трлн теңгеге жетіп, ЖІӨ-нің 23,7%-ын құрады. Ұлттық қордың активтері бір жыл ішінде 16%-ға өсіп, 66,2 млрд доллар болды. "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында екі жыл ішінде 7 миллионға жуық балаға әрқайсысына 233 доллардан аударылды", – деді Қаржы министрі.

Оның айтуынша, республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 97,2%-ға орындалып, 19,6 трлн теңге түскен.

Негізгі орындалмау себептері:

  • үшінші елдерден импорттың 2 млрд долларға азаюы;
  • Теңіз кен орнындағы кеңейту жобасының іске қосылуының кейінге шегерілуі;
  • ҚҚС қайтарудың 2023 жылмен салыстырғанда үш есе артуы – 1 216 млрд теңге қайтарылған.

Бюджет шығыстары 97,8%-ға орындалып, 23,6 трлн теңгені құрады.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мемлекеттік қаражат пен активтерді тиімді пайдалану – бюджеттік үдеріс қатысушыларының барлығына ортақ міндет екенін атап өтті.

"ЖАП әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамын жасау кезінде қолданылатын есептеу модельдері, факторлар мен болжамдарды ашық көрсету қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ салық саясатының тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды, оған толық цифрландыру, тауарларды таңбалау топтарын анықтау, көлеңкелі кәсіпкерлікті және табысты жасыруды анықтау механизмдері кіреді. Сонымен бірге сыртқы қарыз алу туралы шешімдерге негіз болатын деректерді ашып көрсету, әрбір жобаның мемлекеттік қарыздың ұзақ мерзімді тұрақтылығына әсерін бағалау талаптарын енгізу ұсынылады", – деді ол.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау мен бизнесті ынталандыру шараларының тиімділігін бағалау тәртібін, нақты критерийлер мен әдістемелерді бекіту, қаржылық жыл ішінде жаңа бюджеттік инвестициялық жобаларды енгізу мен бекітілген жобаларды алып тастау талаптарын қатаңдату ұсынылды.